ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ-БАСТЫ МІНДЕТ

0
308

 

Ержан Әмірбекұлы, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Университетін басқарғаныңызға 5 айға жуық уақыт болды. ТарМПУ-лық студенттердің өзге аймақтардағы студенттерден қандай айырмашылығын байқадыңыз?

-Біздің оқу орынның басқа университеттерге қарағанда айырмашылығы -біз педагогикалық университетпіз. Қазақстанда педагогикалық бағыттағы жеті университет бар. Оның ең іргелісі- Алматы қаласындағы  Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Университет, жақында Елбасы ұлттық статус берген Қыздар Педагогикалық Университеті, Арқалық, Павлодар, Қостанай, Шымкент қалаларындағы  педагогикалық университеттер бар. Студенттеріміздің бойында қайсарлық та, өжеттілік те, білім алуға деген талпыныс, әлемді тануға деген құштарлық та бар. ТарМПУ-лық студенттер өзге студенттерден  кем емес. Біз оңтүстік өңірде орналасқандықтан болар, студенттеріміз жылы жерде өскеннен, жүректерінде де жылулық бар сияқты.  Оңтүстікке тән ибалылық, ұяңдық бар.   Яғни қазақи келбетін сақтап қалып тұр. Аудиторияларға кіріп барғанда, қыздардың бойынан биязылықты, жігіттердің бойынан ер азаматқа тән үлкенге құрметті байқаймыз. Кейбір Еуропа мемлекеттерінде үлкенді сыйлау, ұят мәселесі кенже  қалып жатса, Тараздың студенттерінің басты артықшылығы адамгершілік, мейірімділік, кішіпейілдік  қасиеттер қалыптасқан деп мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ студенттеріміздің бойында арман-жігер көптеу сияқты. Студенттеріміз Таразда оқып жатқанымен, біз әлемнің перзенттерін дайындап жатырмыз. Елбасы да өз сөздерінде айтып жүргендей, біздің жастарымыз тек Қазақстанның жастары емес, олар- әлемнің жастары болуы керек. Біздің мамандарымыз әлем халқына қызмет көрсететін мамандар болады.  Қазақстан- әлемдік өркениеттің  бөлшегі болуы керек. Сондықтан біз осыған ұмытыламыз. Бірақ ұлттық кодымызды, мемлекеттілігімізді сақтап қалуымыз керек. Ылғида айтып жүретін сөзім бар:  «Біз қандай жерде өмір сүрсек те, болашақта біздің жастарымыз әлемнің қай түпкірінде қызмет жасамасын, жүрегінде «Қазақстаным» деген  дүрсіл соғып тұруы керек. Сол кезде ол азаматтан елге деген пайда болады. Мемлекетіміздің өркендеуіне үлесін қосады»

Жасыратыны жоқ, қазір жастарға арналған жиындар бірсарынды өтіп жатыр. Ұзын-сонар баяндамалар мен флешмобтардан ары аса алмай жүрген шаралар жастарды мезі еткені ащы да болса шындық. Жастар саясатында азды-көпті тәжірибесі бар басшы ретінде осы мәселеге қатысты жеке пікіріңіз қандай?

-Қазіргі таңда көптеген жастардың жиындары бірсарында өтіп жатқаны өтірік емес. Ұзын- сонар баяндамалар мен флешмобтар жастарды мезі еткені шындық. Оның барлығы көрсеткіштерді қуып келе жатқанымыздың салдары деп ойлаймын. Статистика қуалаудың жөні жоқтығын Елбасымыз да айтқан. Оны толық қолдаймын. Жиналыс көп, кездесу көп. Төрт-бес сөйлеммен айтып беретін дүниені қағаздан бас алмай оқып бергені жастар тұрмақ, үлкен буынға да қызық емес.  Жиындардың көптеп өткізе берудің қажеті жоқ.  Флешмобтардың да бір күндік екенін көбісі түсіне бастады. Сондықтан біз мазмұнды, ертеңгі күні берері бар, тағылымды шараларды ұйымдастыруды  көптеп қолға алғанбыз.

Биылғы Жастар жылынан не күтесіз?  Және университет қабырғасында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

-Биылғы Жастар жылы- Елбасының біз үшін ерекше сыйлығы болды. Университетіміздің негізгі келбеті- жастар.  Университетте байқалмай жүрген жас дарындардың таланттарын ашуға, олардың өздерінің  жаңа талпыныстарын байқап, қолдау көрсетуге  үлес қосамыз. Биыл жастар жылына байланысты жетпіске жуық шараларды өткізуді жоспарлап отырымыз.  Оның ішінде әлеуметтік бағыт, волонтерлік, ғылыми, білім бағытындағы іс-шараларды атқара отырып, жастарға көбірек көңіл бөлгіміз келеді. Бір күндік, бір мезеттік шоулардан аулақпыз. Ондай шараларды құптамаймыз. Мүмкіндігінше тәрбиелік мәні бар, жүрегіне ізгі ой салатын, ертеңгі өміріне бағыт беретін  амалдарды жасаймыз. Мемлекеттің ертеңі-жастар. Бүгінгі үлкен аға-апаларымыздың асыл қасиеттерін алып қалатын да, келесі ұрпаққа соны жеткізетін де -жастар. Сондықтан жастарға көмек қолын созудан аянбаймыз. Жақында университет қабырғасында «Өлкетану» орталығын аштық.  Орталықтың басты мақсаты- жастарға өздері оқып жатқан Жамбыл өңірінің қасиетті, киелі, көрікті жерлерін таныстыру.  Сол арқылы олардың бойына патриоттық сезімдерін ояту.  Елге-жерге деген құрметті көтеру, жігерлендіру. Сол үшін Наурыз айының басынан бастап, студенттік туризмді қолға алмақпыз.  Екінші, «Ізгілік» орталығы ашылды. Онда білікті ғалымдар, аузы дуалы, сөзі салмақты көргені бар азаматтарды сол орталыққа шақырып, әртүрлі топтағы тыңдаушыларды жинап, салиқалы әңгіме құрамыз.  Ата – аналарға, студенттерге, ұстаздарға  тұрақты түрде дәріс оқып тұрмақ. Қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларға үн қатқымыз келеді. Жастар арасында ажырасу көп, анасы баласын тастап кетіп жатыр, екі жастың арасына түсушілер көп. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, үйленіп жатқандардың 40% ажырасып кетеді екен. Бұл өте қорқынышты жағдай. Біз олардың барлығына бей-жай қарай алмаймыз. Университетіміз педагогикалық бағыт болғаннан кейін, біздің бағыт ағартушылық, психологиялық көмек бағыты. Сондықтан жастарға қолымыздан келгенше түсіндіру жұмыстарын, байыптау жұмыстарын жүргізу арқылы келеңсіздіктердің алдын- алуға қолғабысымызды тигіземіз.

Көркем әдебиетке көзқарасыңыз қандай? Қолыңыз қалт еткенде кімдердің шығармаларын оқисыз?

—  Көркем әдебиетке деген көзқарасым ерекше. Себебі адамның жан сарайын байытатын дүние. Адамның қолы қалт еткен кезде, әрдайым қолына кітап алса, көптеген  өмірде болып жатқан құбылыстарға сұрақ табуға болады. Көркем әдебиет кино көргеннен де тамаша. Оқиғаның ішіне еніп кеткендей боласың. Шөлдегенде шөліңді басып, айызыңды қандырады. Өз басым қазақ классиктерімен қатар шет елдің классиктерін де оқып отырамын. Дәл қазіргі уақытта  «Истоки Восточной мудрости» деген даналық кітабын оқып жатырымн. Оның ішінде Әл-Фараби, Ибн-Сина сияқты ойшыларымыздың өсиеттері жайлы жазылған. Кейбір кезде ақыл керек болғанда, пікір керек болғанда қазіргі заманның ойшылдарынан гөрі, бұрыңғы азаматтардың айтып кеткен ойларына жүгінемін.  15-20 ғасыр бұрын өмір сүрсе де жауапты тура береді.   Осы әдбеиетке байланысты оқу ордамызда «Әдебиет апталығы» деген тағы  бір ізгі іс-шараны қолға алып жатырымз. Әр апта сайын студенттерге белгілі бір кітапты оқуға  беріп, келесі  аптада соны талқыласақ дейміз. Себебі көптеген азаматтар кітапты оқиды да, оны ешкіммен бөліспей, іштерінде қалып қояды. Ал мына жерде оны бірге талқыласа, оқырманның ой- өрісі де кеңейеді. Кейіпкерді бес-алты қырынан байқап, жан-жақты қарауды үйренеді. Сөйлеу мәдеиетін, шешендік мәдениетін меңгереді. Бұл шараны  Қазақ Британ Техникалық Университетінде жұмыс жасап жүрген кезде қолға алған болатынмын.

 

Еліміздегі барлық мектептер кезең-кезеңімен білім берудің жаңа жүйесіне көшуде. Осы ретте, сіздің педагог ретіндегі пікіріңізді білгіміз келеді, білім беру мазмұнын жаңартудың қажеттілігі неде? Бұған педагог мамандарымыз ілесе алып жатыр ма?

-Елімізде Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен ЖОО, мектептер жаңартылған білім мазмұнына қарай көшуде. Жастарымыз әлемдік өркениеттен қалып қоймауы керек. Азияның, Еуропаның мәдениеттерін електен өткізіп, жақсысын бойымызға сіңірып, жаманынан жиренуіміз  қажет. Білім беруді жаңа мазмұнға, жаңа форматқа көшірудің қажеттілігі туындады. Бізде сол үрдістен кеш қалмай, білім берудің жаңа жүйесіне өттік. «Білім берудің жаңа мазмұны»- дегеніміз не? Ол дәстүрлі қалыптасқан оқу жүйесіне креативтілікті енгізу. Дамыған мемлекеттердің білім беру жүйесіне сілтеме жасаған кезде олар беріліп жатқан білім адамның өміріне қажетті болуы керектігі айтылады. Ал қазір  беріліп жатқан білімнің көбісі қолданысқа енбегендіктен, ұмытылып жатады. «Өмірімізде қолданбасақ, математиканы оқудың керегі не?»- дейді көп оқушылар.  Бұл-проблема. Сабақта оқытылатын кез келген тақырып адамның өмірімен байланысты болуы керек. Бала оқып жатқан тақырып өмірінде қалай пайдалануға болатынын білу керек. Мысалы химиядағы сілтілердің, математикадағы диффериенциалдың өмірінде қандай жағдайда  қажеті болатынын түсіндіру қажет. Ол түсінген кезде ғана сабаққа деген қызығушылығы оянады. Сонымен қатар кіріктірілген деп жатады. Яғни сабақтар арасындағы байланыс. Мысалы химия мен физиканың математика мен ағылшын тілінің арасында байланыс болуы керек. Барлық пәндерде оқытылып жатқан тақырыпта белгілі бір құндылықтарды насихаттау керек. Мысалы барлық пәндерде отбасы туралы тақырыптар талқылану керек. Бұл-оқытудың жаңа әдісі.  Қазіргі таңда әлемде экономикалық жағынан , әлеуметтік, ғылыми жағынан дамып кеткен мемлекеттер бар. Ол- АҚШ, Щвеция, Жапония  т.б Мүмкін солардың оқыту жүйелерінде жақсы факторлар бар шығар. Біз соны зерттеп жатырымыз. Солардың жақсы әдістерін пайдалану қажет шығар. Біз дамыған отыз елдің қатарына кіргізім келеді. Кіру үшін барлық факторларымыз сай болуы керек. Соның ішіндегі білімге жауапты болғандықтан,  беріліп жатқан білімнің сапалы болуына, білімнің ертең өміріде қолданыста болуына мән беруіміз керек. Жастар бес жылдан кейін қандай маман иесі болуы керек. Заманның ағыны өте жылдам жүріп жатыр. Бес жыл бұрыңғы құндылықтар басқаша қырынан танылып жатыр. Бес жылдан кейін маман қандай болу керек? Қандай құзіреттіліктерді бойына сіңіру керек? Осы сұрақтарға мән беруіміз керек. Оны болжау өте қиын. Бірақ сонда да болса жоба жасап, мәдениеті жоғары елдердің іс-тәжірбиелеріне көз жүгірте отырып, солардың дұрыс бағыттарын өзімізге икемдеу керек. Ол біреудің сұлбасын дәл көшіріп алу деген сөз емес.  Елбасы айтқандай ұлттық кодымызды ұмытпау керек. Бұрыңғы дәстүрімізден, бұрыңғы жүріп өткен жолымыздан алынған дүниелерді жаңғыртуымыз керек. Себебі Еуропалықтарға ұқсасақ,  бізді ешкім мақтамайды. Ал егер  өзіміздің қазақилығымызды   дәріптеп, соны жаңа келбетте  ұсынсақ қана — ұтамыз.  Білім берудің жаңа мазмұнына педагог мамандардың ілесіп кетуі үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр.  Бізде қолымыздан келгенше оқытушыларға жаңартылған білім мазмұнының не екенін  түсіндіріп, тренинг-семинарлар ұйымдастырып, біліктілікті арттыратын курстар өткізіп жатырымз. Эволюциялық жолмен, байыппен межеге жетеміз деп ойлаймын.

Елбасы жақында ғана жариялаған Жолдауында педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданатынын айтты. Мұнда қандай мәселелер қамтылуы керек деп ойлайсыз?

-«Педагог мәртебсі» туралы заң қабылданатыны айтылды. Алдымен олардың жалақысы дұрыс болу керек. Заңда айлықтан бөлек, минималды ынталандырушы қаражат қастырылатын шығар.  Ол жастарды педагогикалық бағытқа ынталандыратын бірден-бір жолы. Екінші- әлеуметтік қолдау. «Педагог боламын» деген баланы грантпен оқыту, жұмыспен қамтамасыз ету. Біліктілік мен шеберлігін шыңдау курстарында тегін оқыту мәселелері қарастырылу керек. Одан бөлек мұғалімдерді алаңдататын іс-шаралардан босату керек.  «Қағазды есептеп кел», «халықты санап кел», «ауылдарды аралап кел» деген сияқты жүйесіз жұмыстардың барлығынан мұғалімдерді босату керек. Оны істейтін арнайы мамандар бар. Педагог күндіз сабақ беріп, кешкі бос уақытында ертеңгі сабаққа дайындалу керек. Оның үстіне,  көбісі әйел азаматтар екені мәлім. Олардың үйіндегі тірліктері бар. Одан бос уақытта сабаққа дайындалуы керек. Ол кеш бойы сабағына пысықталып келсе ғана сабағы қызықты өтеді. Мен өзім оқытушылық салада жүргеннен кейін бұл жайды өте жақсы түсінемін. Сабаққа дайындалмай келсең, сабағың қызықсыз өтеді. Ал егер кешке таман отырып, әдебиеттерді қарап, ойыңды жинақтап келіп жүргізсең, сабағың жоғары деңгейде өтіп, оқушылардың да көңілінен шығады.  Оған уақыт пен мүмкіндік керек. Үйдегі күйбең тірлікке, «қалай несиені төлеймін», «қалай директордың тапсырмасын орындаймын» деп басы қатпау керек.  Осы мәселелерді заңда қамтиды ғой деген ниетіміз бар. Үкіметте жасалып жатқан заңға қолдау білдірейік деп, өзімізше саралап көрейік деп,  біздің университеттің базасында  «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен аталмыш заңның екінші нұсқасын жасап шығардық. Оны Білім және Ғылым министрлігіне жинақтап өткіздік. Соның ішінен мүмкін кейбір тұстарын жаңа заңның нұсқасына қосар.

 

 Жастарға мамандық таңдауда қандай кеңес берер едіңіз? ХХІ ғасырда қандай мамандыққа сұраныс көп?

-ХХІ ғасыр -ақпарат ғасыры. Нанотехнология болашақта керек болады. Молекула атомнан тұрады. Атомның ішінде нанобөлшектер бар. Солардан  робот жасап жатыр. Әлемдік технология соған қарай иекемделіп жатыр. Сондықтан болашақта нанотехнологиямен байланысты мамандар сұранысқа ие болады. Одан кейін биотехнологтар. Әлемде адам саны   7 млрдтан асып кетті. Алдағы бес-он жылда  8 млрдың деңгейіне жетеміз. Ол азаматтардың барлығын тамақтандыру қажет. Қауын-қарбыздың піскенін  төрт-бес, бидайды жет-сегіз ай күтіп отырсақ, бәсекелік нарықтан қалып кетеміз. Сол үшін гендік модефикацияланған өнімдер туралы көп айтылуда. Өнімділігі жоғары, табиғи сапалы тауарларды өндіре отырып, әлемдік нарыққа өз өнімдерімізді шығаруымыз керек. Бұл –биотехнология. Мысалы, Израильде бір тал бидайдың сабағынан үш сабақ шығады, ал бізде-біреу. Міне, осы биотехнология. Одан кейін, ақпараттық технологиялар. Қзаргі таңда сол үшін ІТ-технология бағыттары қолданыста. Менің ойымша, осы үш бағыт мамандары сұранысқа ие болады.

Бүгінгі таңда университет басшылығының алдында тұрған жаңа міндеттер қандай?

-Университет басшылығының алдағы міндеттері туралы айтсам. Осы жылдың 31 қаңтарында жаңа стратегия ұсындым. 3-4 айдың ішінде университеттің ішкі тыныс-тіршілігімен таныс болып, алдағы 3 жылда қандай бағытта даму керек деген сұраққа жауап іздедім. Әлемде болып жатқан  күрделі процесстерді, өркениеттің тез қарқынды дамуын ескере отырып университеттің инновациялық бағытта дамыту керек деген шешімге келдік. Сапалы білімді ғана беру -ол азшылық етеді. Біз ғылымды, тәрбиені қатар беруіміз қажет. Жұмыста айтып жүретін үш құндылық бар; тазалық, адалдық, креативтілік.  Адамның бойында тазалық болмай, жұмысының берекесі де болмайды. Адалдық дегеніміз-өзінің ісіне, жұмысына,ертеңгі болашақтың алдындағы адалдық. Креативтілік дегеніміз-  болып жатқан құбылыстардың барлығына  оң бағасын беріп, елеп-екшей алатын жаңа форматтағы мамандарды дайындау. Болашақта  мұғалім тек физика, химияны беріп қоятын маман болмауы қажет. Оның бойында қосымша құндылықтар болуы шарт. Ол бірнеше тілді жақсы меңгеруі керек.  Ақпараттық технологиялармен еркін жұмыс жасай білуі қажет. Ол мықты психолог болуы керек.  Құндылықтарды студенттердің бойына сіңіретін мықты маман болуы керек.  Қазіргі таңда біз Республикадағы педагогикалық ЖОО  үздік үштігіндеміз.  Мықты университеттердің қатарынан табылу жоспарымыз бар.  Жамбыл облысына ғана емес, Қазақстанға бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауымыз керек. Одан қалса, шет елдерге де қажетті мамандарды даярлап беретін орталық болуымыз керек.  Биылғы жылы 800-ге жуық Түркменстан азаматтарын, 100-ге жуық Өзбекстан азаматтарын оқуға қабылдадық. Орталық Азиядағы мемлекеттердің сұранысын қамтамасыз ете отырып, әлемдік нарықтарға шығуды ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, Мұғалімдерге түрлі мотивациялар ойлап таптық. Мысалы  ағылшын тілін меңгеріп, ILETS  сертификатын алып келсе,  50-60% айлық қосып береміз. Себебі, көп тілді білу-заман талабы. Одан кейін, академиялық тазалықты қолға алдық. Студенттердің көшірмеуі, біреудің жұмысына қол сұқпауы керек. Университетте жемқорлыққа төзімсіздік атмосферасын қалыптастырдық. Жемқорлықтың бірде-бір элементі, исі де болмауы керек.  Себебі педагогтарды даярлап отырымыз. Оның ары да, жаны да, филососфиясы да таза болуы керек.  Біздің университет алдағы үш жылда жетекші оқу орындарының қатарында болады.  Түлектеріміз «Мен ТарМПУ түлегімен» деп мақтанытын деңгейге көтеруді мақсат еттім.

Мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Ел игілігіне бағытталған еселі еңбектеріңізге табыс тілейміз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here